ҰСО зертханаларының жұмысына ақпараттық технологиялар енгізілген
В работу лабораторий НЦЭ внедрены информационные технологии 27.10.2022

Астанада медициналық технологиялар бойынша II халықаралық «MedTech» форумы өтті. Форум барысында спикерлер қазақстандық зертханалық индустрияның ағымдағы жағдайын және оның даму перспективаларын талқылады.

Форум барысында Ұлттық сараптама орталығының басқарма төрағасы Ерлан Қиясов зертханалық қызметті дамыту үшін енгізіліп жатқан ақпараттық технологиялар туралы айтты.

Осылайша, «Бағдарламалық қамтамасыз етудің бірыңғай кешені», «Электронды құжат айналым жүйесі» және «Бірыңғай интеграциялық портал» сияқты бірқатар жүйелердің іске қосылуы ҰСО зертханалық қызметінің ақпараттық технологияларын дамытудағы маңызды қадамы болды.

«Бүгінде әзірленген бағдарламалық қамтамасыз етудің көмегімен біз    3 мыңнан астам пайдаланушыны қамтитын 20 филиалда, 25 қалалық және 153 аудандық бөлімшелерде жұмыс процестерін ішінара автоматтандырдық, сонымен қатар зертханалық процестердің ашықтығын қамтамасыз еттік», - деп қосты ҰСО басшысы.

Сондай-ақ Ерлан Қиясов зертханалық мәліметтерді кешенді талдауға арналған электронды интеграцияланған жүйесі бар заманауи зертхана құрылатынын хабарлады.

Зертханалық мәліметтердің нәтижелері тамақ өнімдерінің деректері, қоршаған орта объектілері және жұқпалы емес аурулардың факторлары туралы ақпаратты қамтиды.

Бұл жүйе еңбек шығындарын азайтуға және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауға қажетті ресурстарды тиімді бөлуге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ республика деңгейінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай ақпараттық деректер банкін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Қазір біз ҰСО-ның зертханалық қызметінде жасанды интеллектті пайдалануды, сондай-ақ зертханалық деректерді кешенді талдаудың электронды интеграцияланған жүйесін (BIG DATA) құруды қарастырып жатырмыз. Мұндай жүйе халық денсаулығын қорғаумен айналысатын барлық қызметтерге қысқа мерзімде азық-түлік өнімдерінің, қоршаған орта объектілерінің және жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың факторларының жай-күйі туралы өзекті ақпаратты алуға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Қиясов.