Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне қарасты «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-ның жаңа вирусологиялық зертханасының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Дүниежүзілік банктің, БҰҰ Даму бағдарламасының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев:
«Халқы тығыз орналасқан осындай ірі өңір үшін заманауи вирусологиялық зертхананың болуы аса маңызды. Бұл, ең алдымен, диагностиканы жеделдетуге және инфекциялық қауіптерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – өңірлердің зертханалық инфрақұрылымын кезең-кезеңімен нығайту. Осылайша жүйе тек қазіргі сын-қатерлерге ғана емес, ықтимал жаңа эпидемиологиялық қауіптерге де дайын болуы тиіс», – деп атап өтті.
Сондай-ақ салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова жаңа зертхананың ашылуы Түркістан облысындағы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.
«Түркістанда жаңа вирусологиялық зертхананың ашылғанына қуаныштымыз. Қазақстанның зертханалық инфрақұрылымын нығайтуға және мамандарымыздың әлеуетін арттыруға көрсеткен қолдауы үшін барлық серіктестерімізге алғысымызды білдіреміз», – деді Сархат Бейсенова.
Айта кету керек, нысан іске қосылғанға дейін Түркістан облысында өзінің мамандандырылған вирусологиялық зертханасы болмаған. Осыған байланысты биологиялық үлгілер зерттеу жүргізу үшін еліміздің басқа өңірлеріне жіберіліп келген. Өңірде бейінді зертхананың құрылуы зерттеулер жүргізу мерзімін қысқартуға және вирусологиялық диагностикаға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Зертхана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және инфекциялық ауруларды диагностикалау бойынша зерттеулер жүргізуге арналған. Алынған нәтижелер инфекцияларды уақтылы анықтау және қажетті эпидемияға қарсы шараларды қабылдау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүйесінде пайдаланылады.
«Ұлттық сараптама орталығы үшін бұл – өңірлік зертханалар желісін дамытудағы маңызды қадам. Зертхананың іске қосылуы Түркістан облысының диагностикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, зерттеулер жүргізу мерзімін қысқартады және өңірдің кәсіби әрі техникалық базасын нығайтады», – деп атап өтті «Ұлттық сараптама орталығы» Басқарма төрағасы Ерлан Қиясов.
Нысанды салу және жабдықтау барысында биологиялық қауіпсіздік талаптары ескеріліп, энергия тиімді шешімдер қарастырылған. Зертхананың инфрақұрылымы мен техникалық жарақтандырылуы мамандандырылған зертханалық нысандарға қойылатын заманауи талаптарға сәйкес келеді.
Дүниежүзілік банктің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аға экономисі және Пандемиялық қордың аға портфельдік менеджері, Пандемиялық қор басшысының атынан өкілдік еткен доктор Ампаро Елена Гордильо-Тобар және ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі доктор Скендер Сыла денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және елдің инфекциялық аурулар қаупіне ден қоюға дайындығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді инвестициялардың маңыздылығын атап өтті. Бұл – Қазақстан Үкіметінің, ДДҰ-ның, Дүниежүзілік банктің, БҰҰ Даму бағдарламасының және Пандемиялық қордың табысты ынтымақтастығының нәтижесі.
Салтанатты шара аясында лентаны қию рәсімі өтті. Одан кейін қатысушылар нысанның инфрақұрылымымен, техникалық жабдықталуымен және мамандар жұмысының ұйымдастырылуымен танысты.
Вирусологиялық зертхананың ашылуы «Ұлттық сараптама орталығының» өңірлік зертханалар желісін дамыту және Түркістан облысындағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесін жетілдіру бағытындағы кезекті маңызды қадам болды.